Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  93


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Күндегі саз... қайталап түн-сыбызғы...

Күндегі саз... қайталап түн-сыбызғы,
Мұң жамылған сығалап тыңшы бізді.
Қалың оймен бүк түсіп жатырмыз-ау
Қиял бойға сіңердей тылсым ізгі...
Сендік ой мен мендік ой көп кеңесіп,
Дәру іздер сан сағат дертке нешік.
Кірпіктер де қауышпай қатаяды
Бірі-бірімен қалғандай өкпелесіп.
Армандар-ай ініне «аш тығылған»,
Күйім құрсын пері-түн қастығы ұрған.
Көз моншағын көлдейін тұрған сүртіп
Болмадың-ау артық та жастығымнан...
Түн-таспада ескі күй, көмескі мұң,
Менің жаным сол күймен егесті мың.
Айдың солғын өңінде жазылып тұр
Жүрекке ерке мәңгі күш еместігің...
Күндегі саз... қайталап түн-сыбызғы,
Алып болды сәні ұшқан тыншымызды.
Жазмыштың бұл дұрыстап иірімеген
Арамызды байқаусыз ұршығы үзді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу