Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  80


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Ұмытқам сені...

Ұмытқам сені...
Сары күзде былтырғы.
Жапырақ боп үзілгенсің жүректен
Қуанышы аз, қайғымды алып мың түрлі
....Содан бері жыл өткен.
Жаңбырдайын жасым болып төгілдің,
...Мен қалғанмын жеңілдеп.
Қарауытқан бұлттарын көгімнің
Әкеткен-ді жел үрлеп.
Бар ашуым найзағай боп жарқылдап,
Шыққан-тұғын кеудеден.
Дала біткен бір ғашықтан зар тыңдап
Берген дәру жараға сол кеулеген.
Жерге түсті жапырақтың біріндей,
Қайран сезім сарғайып.
Бұрқыратып-білінбей,
Болып еді-ау жүректегі саң ғайып...
Көңілдегі өзіне алып шерді-сыз,
Сарылыққа жер жауһарым апталған.
Сенің бейнең сенгісіз
Жыл құсындай тым жыраққа аттанған.
Сезім-сырым жанарымнан тамшылап,
Су боп аққан жылғадан.
Өшіп солай сен лаулатқан шам-шырақ
Артта еріксіз жыл қаған.
Енді ешқашан ол туралы жырламан...
Себебі ұмытқам сені...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу