Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  101


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Көрмейін десем, көзім бар

Жанарым жасқа толы,
Сенделтті әурем, қасқа.
Ұмытып тастап оны
Бастасам дәурен басқа.
Сағыныш жаншылап жүр,
Кеудеме бермей тыным.
Қиыны – қамшылап жыр
Байланды «сен» дей тілім.
Жасардай сүйікті «ерлік»,
Қуандым көзге ұрынсаң.
Бір сені кейіпкер ғып
Арнаған өз жырым сан.
Тұрса да сарқыла құт,
Сезімім тарқамаған.
Мен келем жарты бақыт
Жарты мұң арқалаған.
Күн сайын самала боп,
Сыртыңнан жүрем есіп.
Ал сенде шара да жоқ
Қолпаштар «түрегесіп».
Шын ұқпай әлі мені,
Жүрсің-ау жөнге келмей.
Алдымнан ары-бері
Өтесің «көр» дегендей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу