Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  85


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Қызғаныш сиқыры

Сен мені жүрсің бе әлі өзгерер деп?
Айнитын сезімінен кез келер деп.
Мерзімдеп адам, қадам бас-аяғын
Етер деп екіойлылау сөзбен ермек...
Жан көрсе, көз аударар елден сымбат,
Тұра ғап, торға тығар «мерген», шырғап.
Мен емес, біліп жүргің мұндай кісің
...Ізіңе қолыңды ұстап ергем шындап...
Басқаның жабысар деп етегіне,
Күні-түн мазаң расын кетеді ме?
Секемді, үрей сүзген жүз ойыңды
Санаңа бересің-ау бекер іле...
Мені ойлап бөліне ме ұйқың ұдай?
(Қып-қызыл қызғаныштың сиқырын-ай...)
Жазықсыз жазалама, сүйген жанды
Күмәнға итермеші шикі бұлай.
Жүректің төріндегі тұлғам ерек,
Жүрейік сезім-атты нұрға бөлеп...
Мен саған арналғанмын, шынтуайты
Сондықтан бермейік құр мұңға қорек...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу