Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  88


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Демеу

Көңіл неге мұңаясың күз үндес?
Ойлар жей ме? Түгесілмес, мүжілмес.
Сары күнде сары шәлі жамылған,
Сары уайымның салып кеткен ізін кес...
Жүрек неге соққылайсың тым қатты?
Қандай жауың батырып тұр тырнақты?
Қабырғаңа қара торы сыз салған,
Есіңді жый, ере бермей мұңға әккі.
Көз неліктен жасқа толдың, жүз рет?
Бұл өмірдің соңғы өткерер күзі ме ед?
Табанында езген шер мен шеменді
Тағдырыңның қайта бармас түзіне ек...
Мәселелер, мән іздетіп, әр маңнан,
Ұрлатады, алғы сөзді арманнан,
Қара түннің таңы атпайды, жақпасаң,
Жарығыңды Жаратқаннан жалға алған...
Санаға енсе, қиқым құрты тірліктің,
Қамытына кіріп кетпе, құлдықтың.
Мұңның кешін батыр-дағы, тік тұрып
Арайланып ататұғын Күн күткің...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу