Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  80


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Сағыныш әні

Естілсе сағыныштың әні ғажап,
Суық мұң шарпып өтер, жаныма жат.
Сыймаймын,
Жер дүниеге, өзіңді ойлап,
Қинар кеп көкіректі кәнігі азап.
Көп күткен иікпесе қурай-мұрат
Тасқа ұрып, төзімімді тулаймын-ақ.
Өзіңе өлең жазар сәтте,
Еріксіз
Межемді қайтарады удай мұң-ақ.
Байланған сағынышқа үскірік-күн
Алды ғой берекемді ышқынып тым.
Жадағай жабырқатса жалаң сәттер
Берсейші,
Жүрегіме күш, қылықтым.
Сынайды,
Өмір мені ұстараға ап,
Сезім кеп сілкілеген тұсқа қамап...
Ондайда есті дереу жыйғызатын
Күнделік сен кіретін түс, қанағат!
Сағындым,
Барады әсте төзім кеміп,
Бойымды билейді-мұң безілдеуік.
Арқама мінген мынау мәңгүрт күннен
Осы мен айықпаспын өзің келіп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу