Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  99


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Жоғалту

«Мен өзіңді...
жоғалтамын» деген ойдан өртеніп,
Кеттім бейуақ ғазалымнан шер теріп...
Неге осылай болады екен аяғы?
Неге осылай сыйланады келте үміт?
«Мен өзіңмен...
қоштасамын» деген күдік тістелеп,
Жайы кеткен жүрегімді үш бөлед.
Неге осындай тіркестерге «тірелдік»?
Неге осындай пайда болды тұс кенет?
«Мен өзіңнен...
айырылам» деген ойлар-ұшқалақ,
Берекемді алды құрғыр қыспалап.
Неге осылай туындайды тозақ-сәт?
Неге бізге беріледі қысқа бақ?
«Мен өзіңді...
жоғалтамын» деген сөзден бас тартам,
Мейлі, үмітке үмітіңді босқа артам...
Айтшы неге, түндер жанды «турайды»?
Неге жастық тұншығады жасқа әр таң?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу