Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  182


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

Тарбағатай

Бозталың бүршік жарғанда бозбала ақындай,
Қусақтың күйін жататын боз дала тыңдай.
Қоңырлап самал ескенде қоңырқай кеште,
Қонжық жон қоңыр жоталар қозғалатындай.
Аюлысайдың ну тоғай жынысы-ай қалың,
Аққайран өзен-тасыған күміс айраның.
Алланың ісі- деймін де басымды иемін,
Алманың иісі аңқыған ұры сайларың.
Бидайлы бөктер масаты -пүліш аймағым,
(Жұдырықтай құс, қарашы тілі сайрауын.)
Шаң жуытпастан шыңыңды сүртіп жүретін,
Асқарыңдағы ақ бұлтпен туыс ойларым.
Көгеріп беткей біткенде- көктемде атырап,
Баба тау күйін жамбастап шерткен жатып ап.
Керемет қандай- кереге қанатын керген
Қыран шәулі жүр ұясын көктен бақылап!
Көшкен бұлтпенен көрінген құзы сыңар боп,
Көктеді ме екен өткеннің сыры шынар боп.
Сайларды қуып беремін, сүрлеуге түсіп,
Қытайға асқан бабамның ізі шығар деп!
Заманың жетті сорыңа бағың алмасқан,
Іздесем әрбір тасыңнан табылар дастан.
Мойыл мұңыма батам да, телмірем саған,
Суырлы тауым, сырыңа қаныға алмастан.
Қарағаштарың қаз-қатар жол үсті емініп,
Тамылжып тамыз жеткенде жеміс төгіліп.
Табиғатыңның табынам ғажайыбына,
Танытып пенде пейілден періште қылық.
Шалқығанменен төсіңде шайыр-ақының,
Мақтауға сені жетпейді қайыра тілім.
Апам айтатын сен бе едің, сол –Тарбағатай,
Төрт түлік түгіл адамы жайылатұғын?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу