Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  271


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

Аягөз

Аягөз өзі шынымен аялы көз бе?
Бойласам терең тарихқа баяның өзге.
Айөкіс деген тілінде Түркі бабамның,
Айөзен деген сөз екен баяғы кезде.
Түсесің Тарбағатайдан арындап ағып,
Көкжиегіңді көк торғын сағымға малып.
Сайрады сансыз бұлбұлдар жағаңда сенің,
Талығып кетсе, таңдарда дамылдап алып.
Уақыттың қара жартасын жеттің бе жарып,
Ғасырдан-ғасыр қуалап, екпіндеп ағып.
Қосыла жоқтап Қозыны Баян сұлумен,
Құрдымға барып зарыңды төктің бе налып?!
Екіленесің көктемде арнаны алқымдап,
Сарыарқа самал желіңнен саумал аңқылдап.
Ұйқыда жатқан маужырап даланы оятып,
Тілдесер көкпен айдының таңда жарқылдап.
Балқашқа жетсең қуанып, жылыстап ағып,
Сермейсің еркін құлашты тынысқа жарып.
Абылай қонған Күркілдек құйғаныңа кеп,
Ақ маржан шашу шашасың уыстап алып.
Топырағыңнан тамырлап өскелі гүлдер,
Аягөз, сенің жағаңнан көшпеді кімдер?
Құлаған күмбез орнындай көңілді қозғап,
Шертеді шерлі жырыңды естегі күндер.
Ақтанберді мен ту тігіп Қабанбай бабам,
Тұлпарлар жүзіп тұныққа терең бойлаған.
Көрінесің сен, құт қонған киелі өзенім,
Дулаттан қалған өрнекті өлеңдей маған.
Мамырсудағы төрінде хан Абылайдың,
Қара шекпенге танытқан Барағың айбын.
«Елім-айлаған» елімнің көз жасындай боп,
Толқыныңменен бірге ағып барады қайғым.
Тағдырды көрдік өтінде оттай қақтаған,
Заманды көрдік өткелде көктайғақтаған.
Қызғыштай қорып жұртыңды шырылдап өткен,
Боранбай би мен Байғара, Ақтайлақ бабам.
Аңыздар елі дегеннің абыздар елі,
Аягөз бенен Шұбартау нағыз дәлелі.
Жобалай менен Байқотан, Шақантай рухы,
Уыздың дәмін таңдайға тамызған еді.
Ұштасқан келіп қиырдан қалай мұңдары?
Ізі бар сенде Шоқанның, Абайдың-дағы.
Көргендей болам солардың алтын дидарын,
Тұңғиығыңа үңіліп қараймын-дағы.
Аягөз саған алыспын әрі жақынмын,
Жағаңда қанша жастықтың таңын атырдым.
Сұлуларыңа жүректің сырын ақтарғам,
Сараға шаққан мұңындай Әріп ақынның.
Сарқылмай мәңгі аға бер, асыл өзенім,
Құлпырып қыр мен жайнасын жасыл өзегің.
Жөңкіле жырлап жеткізгей болашақ күнге,
Азаттық алған қазақтың осы кезеңін!
Құдіретті еді атажұрт күшің не деген?
Ыстық ұясың балапан құсын бөлеген.
Құлындай аунап-қунаған ұлыңдай болдым,
Аягөз, сені әрдайым түсімде көрем.
Қызықтап көркін түлеген бүгін даланың,
Сылаңдап аққан суыңдай күлім қағамын.
Торқалы мынау тойыңа байғазы болсын,
Өлеңнің бір шоқ төсіңе гүлін қададым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу