Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  361


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

Жарықтық жылқы жануарым-ай...

Жарықтық жылқы жануарым-ай,
Сен десем естен жаңылам ұдай.
Қадірің артты жалғанда мына,
Қазақты тап қып бағыңа құдай.
Тағалап мінсем таймас табаның,
Сетер ат мінбей той бастамадым.
Жұлдызымды менің биіктен жақтың,
Жұлдызтөбел мен Айқасқаларым!
Атымды босқа терлетпес те едім,
Қайғының бұлты меңдеп көшкенім.
Жігерді жанып, намыс тұтатқан,
Жібекжал менен Желжетпестерім!
Тілеуін көптің бұйрық қылып,
Жасанған жауға шүйіліп кіріп.
Жалауын жұрттың жыққан емеспін,
Жаратып жуан жүйрік мініп.
Жылқыдан ұстап бір таң астырып,
Саздауыт кешпей, қырқа бастырып.
Көбеңсігенде терлетіп келіп,
Отқа да қойғам күн таластырып.
Жылқының таңдап кілең саңлағын,
Туған даламды түгел шарладым.
Бәйгенің атын шідерлемедім,
Тісеу құнанға жүген салмадым.
Атойлап қарсы оққа да шапқам,
Сетерлеп мінгем топқа да мақтан.
Алтын ер ерттеп, арқаңа тисе,
Алтынын алып отқа да жаққам!
Жоталар жөңкіп жолдан ғажап мың,
Жайлауға көшіп қонған қазақпын.
Жақсы атты көрсем жалғыз түнде ұрлап,
Барымташы да болған қазақпын.
Жағасын жайлап гүлді суаттың,
Жылқы да бағып күнді шұбаттым.
Ат болар тайға айырбас қылғам,
Үйірін беріп бір қысырақтың.
Жал –құйрығыңды Ай сылағанда,
Үйірден құлын-тай шұбағанда.
Кең дүниеге паң қарап тұрғам,
Қамыс құлақты қайшылағанда.
Отырған хандай тақтың үстінде,
Әулиесіндім аттың үстінде.
Ажалға да арман – батырымды алу,
Ат жалын құшар ақ күміс күнде!
Құйындай соғып көлденең жолды,
Бәйгеден келсем, кермеде ел көрді.
Жүрегім содан «жылқы» деп соғып,
Көңілім жүйрік көкдөнен болды.
Қиялдың ұшып самғау көгіне,
Тақымым қысып тарланкөгіме.
Айызым қанбас Ақан ақындай,
Бір басып алмай «Маңмаңгеріме»!
Шалқарлы далам, шұғылалы өлең,
Самалың жұтып сұғына берем.
Құйындай жүйткіп Құлагер шапқан,
Құба белімді – құбыла көрем!
Құлагер қазақ арманы деп біл,
Рухтың жүйткір тарланы деп біл!
Құлагер атты пыраққа мініп,
Ақан серінің аруағы кеп тұр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу