Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  131


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

Желекті жиде ой ырғап...

Желекті жиде ой ырғап,
Көзімді қайың көгендеп.
Есентай өзен бойында,
Есімді жидым өлең деп.
Арман тұрды Айға асыла,
Басылмай жүрек лүпілі.
Ғалым Боқаштың басына,
Кітап құлаған бір түні.
Қара өлең– қарашығымда,
Басымызға онда бақ ғашық.
ҚазМҰУ-дың қалашығында.
«Ақшамнан жүрдік хат тасып».
Тауып ап мәз боп қаладан,
Өзгеріп салды бар таным.
«Торғайлар жұмыртқалаған»,
Тыныштықбектің «қалпағын».
Жан жүрекпенен сүйініп,
Алтайдың алқатасына.
Оралханды оқып, ұйыдық;
«Тағанның пәлсапасына».
Асқардан тауып марқадам,
Ақан, Біржанмен тілдестік.
Ақсұңқарұлы Арқадан, «Ұлыған» даусын күнде естіп.
Бәсіре жырым бұла тай,
Қасиет тегің– Қамбарда.
Кенежиренді Жұматай,
Кеңсайға кетіп қалғанда.
Кешігіп келген кекілді ұл,
Өксігін қалай басарсың?!
Өмірім өтпей өкіндір,
Көктемім мәңгі жасарсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу