Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  131


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

Стамбұлда адасқан қаз, жеті түнде желкемде,

Стамбұлда адасқан қаз, жеті түнде желкемде,
Сабаланып қаңқылдайсың үміт артып ертеңге.
Көк тіреген ғимараттар көлеңкеңді көрсетпей,
Шым етті ғой кеуде тұсым, жарымаған дерт-емге!
Жеті түнде көлеңкеңді қайдан көрем, ақ қазым,
Жалқы ұшқаның жанға батты, жабырқаулы тақ сазың.
Саған сүйеу бола алар ма, сергелдеңге түсірмей,
Теңіздегі шағалалар басқа киген бақ тәжін?!
Самала түн болғанымен ерке самал мақпалдай,
Тентек теңіз Алтайдағы көлің емес ақмаңдай.
Қаңқылыңмен жүрегіме құйып бердің запыран,
Қанатыңды қасіреттен боласың-ау, қаққандай!
Кәрі күйші бармағындай жаңылысқан шертістен,
Теңіздегі терісқақпай теперіштен дерт ішкен.
Қайдан жүрсің, хабар бар ма, қарт Алтайдан, айта кет,
Әлде Қаба, әлде Бұлғын, әлде ұштың ба Ертістен?!
...Төлегеннің алты қазы, адасқаны біреуі,
Бәзғаламның жалғыз қазы, күлпарша боп жүрегі.
Менің дағы жанымда бар сарыала қаз-сағыныш,
Емі бар ма, ескереді, елең қылып кім оны?!
Содан бері күміс қанат жан көлімде мамырлап,
Сезімімді селт еткізді, бұлттар көшіп шағырмақ.
Қара түнді ақ қанаты ақинақтай тілгілер,
Менің құсым жүрегіме ұя салды дамылдап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу