Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  112


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Оғланым

Алып жүзің қызыл өрттей болды, Оғлан,
Ақырғаның берген серттей болды, Оғлан,
Аһ ұрғаның ауыр дерттей болды, Оғлан,
Алыс жауға асығыс атой салдың,
Ақылман қып ертпей қолды, Оғлан.
Алып жүзің қызыл өрттей жанды, Оғлан,
Алған жарың аңырап бір қалды, Оғлан.
Артындағы ұл татар у мен балды, Оғлан,
Ата жауға асығыс аттаныпсың –
Алуға кек жосылтып қанды, Оғлан,
Алып жүзі қызыл өрттей болған, Оғлан,
Алып күндей толысып-толған, Оғлан.
Алп-алп басқан ағалардың соңынан
ерген Оғлан,
Аяулы жанын жұртының жолына берген
Оғлан, –
Алтын да басын ажалдың қолына берген Оғлан.
... Алып жүзі қызыл өрттей алаулаған,
Оғланым,
Аруақты елдің алдын ашып, жалаулаған,
Оғланым,
Асқынған бой жарақаты талаураған
Оғланым,
Арттағының берекетін жамаулаған
Оғланым.
Бастым Сенің ізіңді,
Басыма не салса да.
Күреңіткен жүзімді
Күдері белдер алса да.
Омыртқамды бөлсе да,
Опық жемен пайымдап.
Қабыртқамды тілсе де,
Қайғы жұтпан уайымдап.
Алдымда кеткен, Оғланым,
Артында бар ғой бағланың.
Күйттеумен болған ел қамын.
Өзіңнің жүрген жолдамын.
Оғланым, асыл Оғланым !




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу