Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  95


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Мойылға құмар, жан-жарым...

Мойылға құмар, жан-жарым,
Мойылға жалғыз бармағын.
Шола бiр барлап жан-жағың,
Сала гөр маған салмағың.
Мойылға құмар, жан-жарым,
Аңысын жұрттың аңлағын.
Бау жаққа жалғыз бармағын,
Аулақта жалғыз қалмағын.
Мойылдың дəмiн аңсаған,
Мойылдың дəмiн тамсаған,
Жерiкке талып-шаршаған,
Не айтамын, жаным, мен саған?
Мойылдың дəмi – тiлiңде,
Тойымның сəнi – түрiңде.
Мойыл көзiңмен күлiмде,
Мойындар сенi пiрiм де…
«Баба түктi Шашты Əзiз
Бауымда саған жолықсын.
Бадана болып басқан iз
Бойыңа құт боп молықсын.
Мойныма бұршақ салмадым.
Тескентау асып бармадым.
Шүкiрлiк етем тəңiрге –
Темiрден таяқ алмадым».
Мойылға құмар, жан-жарым,
Аңысын жұрттың аңлағын.
Шола бiр барлап жан-жағың
Сала гөр маған салмағың…
Бала көңiл, бал көңiл…
Бала көңiл, бал көңiл…
Баяныңнан бар ма өмiр?
Балдырғандай жайқалдық,
Басын шұлғып қалды өңiр…
Көкөрiм шақ кезең – бұл.
Көк айдарлы өзен – бұл.
Көк айдындай тербелдiк,
Кекiлi алтын кез өндiр…
Қара суда – қаймақпыз.
Кеңге құлаш жаймақпыз.
Құлағың сал, ей өмiр,
Құлашыңа саймақпыз.
Кең көсiлген даламыз,
Ел өсiрген баламыз.
Еншiмiзде – ессiз күн,
Ойнақ салып барамыз.
Бала көңiл, бал көңiл,
Əуенiңдi сал не бiр.
Балдырғандай жайқалдық,
Баяныңнан бар ма, өмiр?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу