Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  88


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Ермен дəмi татиды сенiң ернiң.

Ермен дəмi татиды сенiң ернiң.
Жаныңа жасайсың ба елдiң емiн?…
Көзiңдей өзiң-дағы мөлдiредiң –
Ернiңе есiм кетiп емiнемiн…
Ерменнiң дəмi – кермек, дəнi – бүтiн.
Елiнiң көңiлi – жарым, шəрi – түтiн.
Жалғанның көп боп жүр ме жарығы тым,
Жаныңа жасамайсың əлi күтiм…
Ерменнiң кермек дəмi – ерiнiңде,
«Кеудемде күздiң өкпек желi жүр» де…
Жаныңда жапан түздiң көлi жүр ме
Санаңда сиқырлаған перi жүр ме?…
Ерменнiң хош иiсi-ай желсiз көшкен!
Ерменнiң кермек дəмi-ай елсiзде өскен!
Кеткендей екен шығып сенсiз естен –
Зердемнен қалай ғана жөнсiз өшкен…
Ермен дəмi татиды сенiң ернiң.
Ащы иiске алаңсыз көмiлермiн.
Шықпасам да алшаңдап төрiне елдiң,
Бақытты боп бiреуге көрiнермiн…
Бақыт дəмi кермек дəм, ащы бəлкiм,
«Балдай» деп аңсап жетiп, қашты ма əркiм?
Ащымен аңсарымды бастым əр күн,
Бақытты iздей-iздей бастығармын…
…Ермен дəмi татиды сенiң ернiң.
Қытай ауған
Маңырақ ауа маңған бұлтты,
«Жеңi ме, – дедiм, – желбiрдiң?»
Жарым көңiлi дал-дал жұртты,
Жақсылықтың барына сендiрдiм.
Маңырақ ауа маңған бұлтты,
«Сəлдесi, – дедiм, – сеңгiрдiң».
Зəтте жүрегi қан-қан жұртты
Қайтадан оралуға көндiрдiм.
Көнбеген кеттi, көресi – алда,
Мұзтауда табан тайғанап…
Зобалаң салып зəресiн алма,
Арғы беттегi тасқан бай-манап.
Белгiсiз жұмбақ – бəңгiнiң күнi.
Бойтұмар қалды бiр тұста.
Запыста қылған зəңгiнiң үнi
Ел тағдырын салды жыртысқа.
Өр Алтай жақта өршiдi жалын,
Өттi сан бастан арпалыс.
Қоса қорғады көршiнiң жанын
Бүркiтбайдың соңынан ерген алты арыс.
Бүркенген заман бүйi болып,
Оның да белiн бүгiлттi.
Күңiренген шердiң күйi келiп,
Үрiккен жұртты жанынан түңiлттi.
Арғы бет ауған бергi бет беттеп,
Сергелдең болып сұйылды.
Туған топырағына жетiп өлмек боп,
Жолда қалғанның өзегiне өтi құйылды.
Маңырақ жақтың жаңбырлы бұлты
Молайтты мөлдiр тамшысын.
Қазаншұңқырымның мəңгiрдi жұрты
Қатал тағдырдың сан жеп қамшысын…
…Маңырақ ауа маңған бұлтты
«Арманы, – дедiм, – өндiрдiң».
Күдерiн үзiп болған жұртты
Үмiт дүниесiнiң барына сендiрдiм…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу