Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  73


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Саған деген көңiлiм тiрi менiң...

Саған деген көңiлiм тiрi менiң,
Саған қарай жел болып жүгiремiн:
Бөктерде өскен бұйығы боз жусаным,
Қырқадағы қызғалдақ – қызыл ерiн.
Бөктер бойлап боз бұлттар өтпедi ме,
Бұлттан озып сəлемiм жетпедi ме?
Алтай жақтың айтқанмын аршасына,
Көксеңгiрдiң көмгенмiн көкпегiне…
Қырдан асып қызыл жел еспедi ме,
Көкейiмдi бiр арман теспедi ме,
Тiршiлiктiң теңiзi толқын атып,
Ие бола алмағам ескегiме…
Саған деген көңiлiм тiрi менiң.
Саған қарай жел болып жүгiремiн…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу