Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  100


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Өлгеннен сұра өлеңдi.

Өлгеннен сұра өлеңдi,
Тiрiнiң көзi – тiрлiкте.
Бiр дiрiл жайлап денемдi,
Қойылмай қойды бiр нүкте.
Өлгендер айтсын өз сырын,
Тiрiге жанын жаймау тəн.
Қараөлең салсын көз қырын,
Көшi-қон көрмей жайлау-таң…
Өлгендер айтсын өлеңдi,
Тiрiнiң сөзi жалған ғой.
Бұл ой да мүмкiн көнердi,
Жүректе жатып қалған ғой…
Мен де бiр өлген жан едiм,
Адами тiрлiк аластап.
Айтқан өлеңiм – əлемiм,
Сол ғана маған жараспақ.
Өлгендi өлiк санама.
Өлiктер қазiр тiрi жүр.
Сен де өлшi бiрге, жан аға,
Жүрекке басқан пiрi – жыр.
Өлгендер сөйтiп көбейсiн,
Өлең сұрасып өнермiз.
Жан аға, бұған не дейсiз?
Болмаса шындап өлермiз…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу