Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  392


Автор: Серік Әбіл

ƏКЕ

Əке!
Сен берген жалынменен,
Ел берген дəріңменен.
Асау бір арынменен,
Сара бір сарынменен,
Жолымды тауып келем,
Жоқ ешбір қауып деген.
Қаламға қамшы басып,
Шаңдатып шауып келем.
Əке!
Жолыңды жаттап едім,
Бетімнен қақпап едің.
Балауса баптап едің,
Шамамды шақтап едің.
Үмітің қалмасын деп,
Қиялың самғасын деп.
Түсірмей тартып келем,
Тірліктің шалмасын көп.
Сенетін жалғызың ем,
Шөлдесең жалбызың ем.
Сайысты сан бұзып ең,
Намысты нар құзым ең.
Рухың өлмесін деп,
Жасымды көрмесін деп,
Алдымен бастым талай,
Жарыстың көмбесін көп.
Əке!
Мен саған тартсам деймін,
Ал кейде артсам деймін.
Теріме разы боп,
Тебіреніп жатсаң деймін.
Күнің боп шығайын деп,
Айың боп туайын деп,
Бойлатар борышыма,
Ойлатар уайым көп.
Əке!
Қайғыға жасымапсың,
Қайратқа тасымапсың.
Қағажып қажығанды,
Қашанда қасыңа апсың.
Өзіңдей болайын деп,
Биікке қонайын деп,
Мастыққа жеңдірмедім,
Жастықтың орайын көп.
Əке !
Күйші едің күмбірлі едің,
Шыншыл ең шың нұрлы едің.
Мерейім менің бүгін,
Сенің бір шын күлгенің.
Жүрмейтін маған, сірə,
Басқаға қатаңдығың.
Қуанам жолым болса,
Келгендей батаң бүгін.
Əке!
Талабың шыңдайтынын,
Түлегің тыңдайтынын.
Сен ерте сезіппедің,
Сағыңның сынбайтынын.
Жүрегің қашандағы,
Бір мен деп тулайтығұн.
Кезді осы аңсадың- ау,
Құлағың шулайтұғын,
Қалайда дəлелдедің,
Сұңқардан сауысқанның,
Мəңгілік тумайтынын !




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу