Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  95


Автор: Серік Әбіл

ҚҰМ ЖЫРЫ

Тарғыл құм таңғажайып дала мынау,
Көркіңнен көзімді алмай қарадым- ау.
Тағдырың табиғатпен тамырласқан,
Түңілме, құмды түсін, қарағым- ау.
Таңданам баурайыңа таңдайланған,
Мұндайда сағым қуып самғайды арман.
Кім білсін кезіндегі керуеншінің,
Бейнесі ме, шөлі бір қанбай қалған.
Түйе өркеш, жолбарыс жон жоталарым
Ойыма ойпатыңнан от аламын.
Жырымды жолдарыңа ұқсатам да,
Сырымды саған бірақ қотарамын.
Жыңғылды, сексеуілді жылғаларым,
Сыйлайды сырлы құмдар жырға нəрін.
Жасылды жаны сезбес жансыздарды,
Келеді саған əкеп шырғалағым.
Бұйрат құм, бұйығы құм. Əжімді құм,
Нар тұлға тұрағым- ау назымды ұғын.
Жазымыш болса
-дағы жазулы ұғым,
Əніңді əуелетем əзір бүгін.
Самалы сар даланың ескен ерен,
Керемет келбетіңді кестелеген.
Қорықпайын десем
-дағы ештемеден,
Сені ойлап секем алып сескенер ем.
Қырқаңды қыдырдым кеп қызды табан,
Уа, құмдар, қойыныңнан көп ізді табам.
Өзіңді жетектеген жел секілді,
Уақыт та бастап барад бізді саған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу