Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  104


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Жабағы күскен күпiнi...

Жабағы күскен күпiнi
Кедейленген киер ме?
Келмегенмен ыпыны
Бiр салпыетек тиер ме?
Арсы-гүрсi күрсiге
Шаршаған жан құлар ма?
Тiршiлiктен түршiге
Жан жабырқап жылар ма?
Қамсау болмай қараорман
Қағар ма екен қаңғалақ?
Нұр қашқасын жанардан
Болар ма екен жаңғалақ?
Қара тартса қарашы –
Қарақшылы түйедей.
Жазылғанмен жарасы,
Жатып қалды-ау үйелей…
Қу тiршiлiк, дүние-боқ
өстiп түпке жетер ме?
Дүниеге адам күйiне кеп,
Бiр қуанбай өтер ме?
Қауыздағы мөлдiрдей –
Көзiм жасын сан жидым.
Көкiрегiмдi өлтiрмей,
Жүрегiмнен əн құйдым.
Тереңiмнен толғансам,
Төгiлер ме хұснихат?
Бiле алмадым, болжау сан:
Көрiнер ме нұр сипат?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу