Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  70


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Терісаққан

Өзгерiссiз өмiр менi шаршатты.
Белгiсiздеу болашаққа барсақ-ты.
Мың жыл бұрын мен сияқты мұңайған
«Терiсаққан» тың күшпенен қарсы ақты.
Қарсы ағыста қара шабақ шоршыды –
Жалықтырған сияқты ма көлшiгi?…
Қайта-қайта қайрат қылды жандəрмен –
өзегiмдi өртеген ой өршiдi.
Қара шабақ қара судан айныды –
Қайда кетпек қаймананың байлығы?
Көзбен көрiп, көкiрегiме көшiрген
Кереметтен көз жазам мен қай күнi?…
Жақпарларды үн жалықтырған сияқты.
Жаңғырығым талып тұрған сияқты.
Кеудемнiң бiр түкпiрiнде тарихын
Мəңгi бүгiп халық тұрған сияқты.
Сазарыңқы, сырға берiк сай iшi –
Үнсiздiк пен өлмес үннiң сайысы.
Мың жыл кейiн мен сияқты мұңайып,
Отырар ма қырдың қарақайысы?…
Осы ма екен «өмiр» атты өзенiм –
өзегiңдi өлгенiмше кеземiн.
«Терiсаққан» жан-дүниемдi алды да
Құйып кеттi көзiне алып көзенiң…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу