Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  172


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Қоңыр түс

Қоңыр кеште қоңыр тау тамсанатын.
Қоңырқай боп өтiптi қаншама түн…
Қоңыр iңiр жаныма жақын менiң –
Қоңыр үнмен қырық мың əн салатын.
Қоңыр қаздар қайтатын қоңыр күзде.
Қу жаным, сен асықпа, өмiрдi iзде.
Қоңыр жаз жолаушылап кеткен, бiлем,
Қоңырайып қашып жүр көңiл түзге.
Қоңыр қыз, қайда қоңыр Жұмекенiң? –
Жыңғылдай жiгерiмдi құм етемiн.
Қоңыр жырды жазып ап жарым түнде
Қоңырқай қой көзiмнiң мұңы етемiн.
Қоңыр белде шiңгiрлер қоңыр құлын.
Жаңғырыққан үнiндей өмiр бүгiн…
Қоңыр тылсым күмбiрден қуат алып
Қоңырайып жүрсем де көңiлдiмiн.
Қоңыр əлем қорқытса қабағымен,
Қоңыр қайғы қайтарар табамын ем.
Қоңыр түс-ау, қозы түс өткен мезгiл,
Қоңыр қозым қалдырған жабағы ма ең?…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу