Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  101


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Қарғакөздер зəру ме екен ылғалға?

Қарғакөздер зəру ме екен ылғалға?
Жапырағы күн көзiне пəс қарар.
Саршатамыз самалы есiп тұрғанда
Жазғы əуендi шiлделiктер басқарар.
Алсын асты бытпылдақтап бар маңай
Мысыққұйрық соны баққан сыңайда.
Маужыраған маңғаз далам, хал қалай,
Шөп тiлiмен сөйлегенiм ұнай ма?
Зеңгiр көктiң басы зеңiп кете ме? –
Салт етедi құс сымпылдап өткенде.
Шып-шып етiп тер шығады шекеге
Талма түсте тамыз шуақ төккенде.
Бозторғайдың тəттi əуенiн жалғамай,
Сыршыл кеудем сырын айтпай шыдай ма…
Маужыраған маңғаз далам, хал қалай,
Құс тiлiмен сөйлегенiм ұнай ма?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу