Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  99


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Он сегiзде жүрекке бойлайды арман.

Он сегiзде жүрекке бойлайды арман.
Он сегiзде мен саған тоймай қалғам.
Он сегiзде Махаббат ауылына
Есiмде жоқ бiр ойын ойнай барғам…
Он сегiзде кеудеме сыймады арман.
Он сегiзде сыртымнан кiм қадалған?
Он сегiзде оқыста көрген түстей
Көкiрегiм көгiлдiр мұңға толған…
Он сегiзде ақыл аз, сезiм көлдей.
Он сегiзде жүрiп ем көзiм көрмей.
Он сегiзде опынып от басып ап
Бозаралда боздап ем бозiнгендей…
Он сегiзде дүние жайнай қалған,
Он сегiзде мен саған тоймай қалғам.
Он сегiзде «хош» деген қоңыр үндей,
Бүйiрiмде бүлкiлдеп қоймайды арман…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу