Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  135


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Жүрегiмнен өткiздiм бе бəрiн…

Жүрегiмнен өткiздiм бе бəрiн…
Жан-дүнием ауырады, жарым.
Жасын болып жарқ етер ме жалған,
Жалт бұрылып жоғалар ма əлiм…
Жүрек тұсым сыздайды кеп тосын.
Қай жотаға тiгiледi қосым?
Қолын бұлғап қалар ма екен қырым,
Көзiн шылап жылар ма досым?
Жақын ба екен, алыс па екен жалған?
Көкжиектiң көкiрегi қан-қан.
Ғайып болып кетер ме екен ғұмыр,
Алаңдаумен, армандаумен болған…
Жүрек тұсым мазалайды кiлең,
Жазаланып жүргенiмдi бiлем.
Кешiремiн жасар десем көгiм –
Көз қарығар күннiң көзi – күрең…
Жүрегiме тура тидi бəрi,
Қорғансызды құтқара алсаң, қанi…
Болар ма екен, болмас па екен, болжа,
Титтей ғана тiрлiгiмнiң мəнi.
Қысқа ғұмыр – қиылатын қыршын,
Бұлт арасы жылт ететiн нұрсың.
Бiр мезетке көрiне алмай жүрсiң,
Бiр кезекте өлiне алмай жүрсiң…
Жүрегiме жинадым-ау бəрiн,
Жолын таппай қаңғып ақты-ау қаным.
Қайманаға бола алмадым қаймақ –
Жан-дүнием ауырады, жарым…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу