Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  84


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Алматының ақ қары...

Алматының ақ қары
Түн айналып қап-қара.
Басы айналған бақтары
Күн айналып атқора.
Алматының ақпаны
Түске дейiн мүйiз.
Кəрлi қыстың қақпаны
Түстен кейiн киiз.
Алматының ақ қары,
Суға бөккен құмшекер.
«Сұлу ғой» деп сақтады
Күле алмаған күн бекер…
Осы қала, осы қар
Мəңгi жатқан секiлдi.
Қашан су боп жосылар?
Көктем келсiн кекiлдi…
Осы бала, осы ақын
Ойға батар қашанғы?
Бұлты тамшы қосатын,
Бiр бұлағы бас алды…
Алматының ақпаны –
Бiрде былай, бiрде олай…
Күн көзiне таққаны,
«Күрең бе?» деп жүр қарай…
Алматының ақ қары
Жел көрмеген бұйығы.
Күйе түсiп жатқаны –
Ел көрмеген күйiгi…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу