Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  112


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Қою түн, қашпа менен...

Қою түн, қашпа менен,
Жапырағын жатқанда тастап емен,
Жылап-жылап басылған жел соңынан
Аспаным ағыл-тегiл бастар өлең…
Қап-қара, қара бояу, қалың бояу…
Қара түн, не қасиет барыңды аяу?
Сен менiң тереземе телмiре бер,
Тербетсiн терең ұйқы жарымды ояу.
Аялда, аялдашы аз ғана сəт,
Кiдiрсiн кiре тұрмай мəз болашақ.
Бiр түнге есеймей-ақ ұйқыда бол,
Онсыз да бақыт-бағы аз, бала шақ…
Байлығы тасып-толған мекенiмде,
Жоғымды жеткiзе алмай өтемiн де,
Қара түн жарық таңға алмасарда,
Үзiлмес бiр үмiттiң жетегiнде…
Ертеңге ертiп барар ұрпағым бар,
Қарам бар қарапайым, сұлтаным бар.
Күннiң жарық сəулесiн қымбаттатып,
Жүргендер жолым үйден ұлтанымды ал.
Өскендер көрiп-бiлiп жоқшылықты,
Өскендер көрмей-бiлмей тоқшылықты,
«Жұмбақты табамыз» деп талпынысса,
Қоғамым iргесiне көк шығыпты…
Басыма нешеме ойлар келiп кеттi,
Қара түн қату жүзiм көрiп кеттi.
Бiр үмiтiм қозым боп аяқтанып,
Бiр үмiтiм таң ата өлiп кеттi…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу