Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  93


Автор: Серік Әбіл

АРМАН ДЕГЕН

Арман жоқ сағынышқа жетелемес,
Селдетер сезімімді сетер елес.
Кереметің кеткен соң табындырып,
Келбетің де көкейден кетер емес.
Халық əні сияқты қайталаған,
Бір саз бар шырқалатын сай- саладан.
Алда күннің арманын көп айтады,
Басқа келген бақытын байқамаған.
Күй боп қалған күмбірлі күлкің елес,
Аңсарын аймалауды кім тілемес.
Адассам да сандаған сапарымнан,
Адасуым арманнан мүмкін емес.
Түсінерсің тірлікті санаң барың,
Жұмылғанша қашанғы жанарларың.
Қол жеткеннің бəрі де табысқа тəн,
Тек жетпеген істерің жан арманың.
Жапырағын жая алмас жалған бүрлер,
Құлпырады таң сайын алуан гүлдер.
Келер кездің бəрі де үмітке тəн,
Нағыз арман артыңда қалған күндер.
Арман деген артыңда қалған күндер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу