Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  100


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Қайда барам, қайдан шықтым, қайдамын?

Қайда барам, қайдан шықтым, қайдамын?
Арман болып алдан шықты аймағым.
Теңiз болып тебiрендi төңiрек,
Ашты құшақ адастырмас айлағым.
Қайда барам, қайдан шықтым, қайдамын?
Бұрқ-сарқ етiп долданатын дауыл жоқ.
Қарсы алуға қамданатын қауым жоқ.
Жан-жағымда жыпырлаған ауыл көп,
«Қала жоқ» деп дүрлiктiрер дауым жоқ.
Қайда барам, қайдан шықтым, қайдамын?
Ойда жоқта ғайып болма, ойдағым.
Бiр қарасам – бар екен-ау Айда мұң,
Бағып тұрған тiршiлiктiң майданын.
Қайда барам, қайдан шықтым, қайдамын?
Қолым созсам – тас төбемде күн жақын.
Қуанышын құшсын ендi мұңды ақын.
Көкте бұлттың баурында бара ма,
Алатаудан алты ай күткен қымбатың,
Түз бетiне түзеп сүмбiл сымбатын?
Қайда барам, қайдан шықтым, қайдамын?
Қай ауылдың хан жайлауын жайладым?
Айшылық жол – Алтайға ат байладым,
Қысқа күнде қырық түрлi ойладым,
Қайда барам, қайдан шықтым, қайдамын?
Қаласы не, даласы не, бəрiбiр,
Көңiлiмдi бұза бермей əрi жүр.
Гүлден нəзiк жүрегiмнiң нəрi жыр,
«Жоқты тап» деп жылағам жоқ əлi бiр,
… Туған жердiң қай түпкiрi – бəрiбiр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу