Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  95


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Бақалы көлге түскенмiн...

Бақалы көлге түскенмiн,
Балдырлы суын iшкенмiн.
Бойлауығын жұлғанмын,
Балығына ау құрғанмын.
Тарғыл бiр тауға шыққанмын,
Тасының сырын ұққанмын.
Қынасын жиып жүргенмiн,
Жаңғырық болып күлгенмiн.
Сары даланы кезгенмiн,
Бөкен боп белде безгенмiн.
Ерменнiң дəмiн алғанмын,
Елжiреп жүрек қалғанмын.
Бағыма көлiм бар тұғын,
Балдырлы суы бал тұғын,
Көлiм де бүгiн таусылды.
Жасының алған жарқылын,
Тарғыл бiр тасым бар тұғын,
Тасым да бүгiн таусылды.
Алмайтын бейне нар тыным,
Сайын бiр далам бар тұғын,
Далам да бүгiн таусылды.
Құлағың шалсын даусымды!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу