Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  104


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Шағыл мен шалғын кезектес...

Шағыл мен шалғын кезектес,
Шағыл мен шалғын өзектес.
Ши шырпып жүрген шайпау тiл
Қос кемпiр мұны сөз етпес.
Демеймiн дiлмар мен ғана,
Керемет рух – кең дала,
Су иесi Сүлеймен,
Шөлден ұшқан Кербала…
Шағыл мен шалғын алмасып,
Қос шалғайыңа жармасып,
Қуғын көрген қашқындай
Қызыл аяқ қыр кешiп,
Жалаңаяқ жар басып…
Бел-белеске мiнгесiп,
Бетпе-бет кеп арбасып,
Соңымнан бiр қалмады –
Сексеуiлдi жалмады,
Өлең шөптi талмады,
…Ыза суы тепсiнген
суат алыс бармады.
Құм бүйiрi бүлкiлдек,
Шалғын шашы үлпiлдек.
Кейуаналар кейiген
Кешкi сауын күрпiлдек.
Ары асқан қашқындар,
Берi босқан босқындар.
Ескiлiктi көздерге,
өшкiлiктi сөздерге
Не жаңалық қостыңдар,
Неге арып-аштыңдар?
Шағыл мен шалғын жанданып,
Шағырмақ аспан паңданып,
Шатысқан екi дүниеге
Өтем-ау, сiрə, таңданып




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу