Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  93


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Екі ауыл

Мұнда тұрады тiрiлер,
Асырап, сақтап ұлы Жер.
Қартының белдерi бүгiлер,
Жасының жалауы тiгiлер,
Мұнда тұрады тiрiлер…
Анда жатады өлiлер,
Тербетiп, құндақтап ұлы Жер.
Өлiлер зират боп көрiнер,
Оралып туған жерiне ер,
Бiр уыс топырақ берiлер,
Онда жатады өлiлер…
Екi ауыл деуге де болады,
Екеуi көршiлес қонады.
Бiрiнде топырақ қызады,
Бiрiнде топырақ тоңады.
Шатырлы, шатырсыз там да бар,
Мұнда бар (ишарат), анда бар.
Бiрiнде топырақ жанданар,
Бiрiнде топырақ… қамданар.
Екi ауыл өзара туысқан,
Қоштасқан, жыласқан, суысқан.
Бiрiнде орын ап қуыстан,
Бiрiнде танаудан бу ұшқан.
Екi ел ажырап кетпейдi,
Бiр-бiрiн өзекке теппейдi.
Мұнда төгiлген көз жасы
Анда тал болып көктейдi.
Тартылыс ортада тұрақты,
Дүние қояды сұрақты –
Қолтықтап ойпат пен қыратты,
Бiрiсi өсiп барады,
Бiрiсi өшiп барады…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу