Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  76


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Екi көлдiң арасы...

Екi көлдiң арасы –
Екi көңiл арасы.
Бiр ғұмырға мол жетер
Екi өмiрдiң наласы.
«Күншiлiк жер» дей алман,
«Айшылық жер» дей алман.
Бақилыққа кеткенше
Боздауымды қоя алман…
Қорыс-қопа көл басы,
Жоғалған ер жолдасы.
Жалғыз жортып жүргендi,
Жаратқаным, қолдашы…
Көлдi көлге құяр кiм,
Көздiң жасын тыяр кiм?
Көрiп қояр көзi өткiр
Жұрттан несiн ұялдым…
Көңiлдердi кiм қосар? –
Мұңыма əкеп мұң қосар…
Аялдамай ай қашар,
Кiдiрместен күн қашар…
Көл шайқалтар шарасын,
Көрсетпес кiм қарасын…
Қулығы жоқ қу жүрек,
Сыздап-сыздап аласың.
Сенiң емiң жоқ ендi,
Мойныңа iлдiң көгендi.
Көлдей бiткен көңiл-тiн,
Сала берме тегендi…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу