Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  131


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Жылқы шықты – қой кiрдi...

Жылқы шықты – қой кiрдi.
Күлкiм ықты – ой кiрдi.
Қойдан жуас жұрт тағы
Жымиыспен жай күлдi…
Шошымайтын нарқыңнан,
Үрiкпейтiн талқыңнан –
Қорқам осы кейде мен
Қазақ деген халқымнан…
Сабаздығы соры ма?
Қонбай бақыт қолына,
Селдiреген халқымды,
Қасiреттер, торыма.
Қой жылына енгенде,
Басқа бата бергенде,
Қойдан жуас қазағым,
Бола көрме шерменде.
Өзгелерге баспана,
Аты ғана астана,
Ей, Алматы, көргенiң
Көзiмдегi жас қана…
Жылқы шықты – қой кiрдi,
Күлкiм ықты – ой кiрдi.
Қойдан жуас жарым да
Жымиыспен жай күлдi…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу