Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  173


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Көңiлiмде қалған мұңым...

Көңiлiмде қалған мұңым
Тəттi болса – өзiме.
өмiрiмде қалған күнiм
Сəттi болса – өзiме.
Жарты ғұмыр жаһан кезiп,
Жұмбақтансам, тағы өзiм.
Жалқын iңiр жапан кезiп,
Мұңға аттансам, тағы өзiм.
Бəрi өзiммен, бəрi менен,
Кiнəламан ешкiмдi,
Нажағайдың кəрi неден
өлең болып естiлдi?
Жүрегiмдi түсiне алман,
Миыма да бағынбас.
Ақыл-естiң күшiн алған
Сезiм қалай қағынбас?
Құдiреттiң құшағына
Құлап түстiм көктен мен,
Алмас жүздi пышағына
Жүрегiммен, өкпеммен.
Бəдəуидей бəйiт айттым,
Ыңырсыдым, құм көштi.
Бар сырымды жайып айттым,
Көкпен жаным тiлдестi…
Көкiрегiмдi күмбiр ашты,
Кiрпiгiмнен, тамшы, үзiл.
Елдегi еңлiк бiр жыласты,
Емшi ерiнi алқызыл.
Жүрегiмдi сығымдады
Құдiреттiң шеңгелi.
Қулық бие құлындады,
Кендебайым келмедi.
Алты айшылық жолға түскен
Жаяу Айым əрi асты.
Мендей жанға қолға түскен
Жұлдыз жалт-жұлт қарасты…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу