Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  106


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

2040 жылғы өлең

Алданатын, алдайтын арман да жоқ,
Соқыр сезiм кеудемде қалған да жоқ.
Жанар оты жасыды қарай-қарай,
Iздегенiм сiрə да жалғанда жоқ…
Ненi көрдiм, не сездiм, не бiлемiн,
Жұмбақ толы, үн қатпас төңiрегiм.
Көкiрегiмнiң күмбiрi кемiп-кемiп,
Келешектен бiр күнi жеңiлемiн.
Ғұмырымның бiр сəтi желiп өттi,
Жаңғырыққан жылдарды көлiк еттi.
Алтын мезет, арқау күн азды-көптi
Аспандаған көңiлдi бөлiп өттi.
Кеудем қалды басылып көпенедей,
Кешкен дəурен, көп қызық ете ме өгей?
Қурап бара жатырмын қурайдайын,
Аласарып барамын бетегедей…
Қолдан кетiп барады ұстағаным,
Тiстен кетiп барады тiстегенiм.
Талай тəттi тамсанып татқан едiм,
Талай ащы таусылып iшкен едiм.
Алдыма емес, артыма көп қараймын:
Сайда саны, құмда iзi жоқ талайдың.
Тал қармаған қара су қайтқан кезде
Қараша қаз қаңқылын жоқтар айдын…
Қара аспанның қамыққан бұлты көшер,
Жолында ауыр зарядтар сiлкiлесер.
Жалғыз қара секiлдi жай тартатын
Жаныма жасын салған жылт iлесер.
Жүрекке түскен сəуле – алданышым,
Арманның алданыш боп қалғаны шын.
Қуанам оқта-текте шүкiрлiк қып,
Кеудемде қоламтамның болғаны үшiн…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу