Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  80


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Мен көзiмдi құрттым...

Мен көзiмдi құрттым,
Сөзi қалды жұрттың.
Жақсыларға сыймаған
Өзiм де бiр қыртпын.
Нойыс мiнез ұртпын,
Жағамды сан жырттым.
Жақынымнан жау тауып,
Сөзiн соқтым сырттың.
Мен қарамды батырдым,
Не десең де мақұлмын.
Байлап-матап алып кет,
Басын иген пақырмын.
Жездегi құр дəрiмiн,
Жетпей жатыр салымым.
Қорғасындай құйдағы,
Атып байқа сарынын.
Мен жоғалдым, жоғалдым,
Қайыра бiр соғармын.
Қайырымың жетпесе,
Қарашаңда тоңармын…
Қанатымды қағармын,
Айыбымды тағармын.
Пендең болып жүрермiн,
Қас-қабағың бағармын.
Мен шығандап кеттiм,
Шырық бұзсам, не еттiм?!
Шырқырады шыбыным,
Ұятты өртеп беттiң…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу