Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  140


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Көңiлiң мүлдем қалды ма?

Көңiлiң мүлдем қалды ма?
Көре алмадым-ау қайтадан.
Ар-ұятыңның алдына
Бара алмай басым шайқадым…
Қойныңа енген қоңыр түн
Қоңыр əнiңдi құптаған.
Жүрегi темiр тəңiр кiм
Көзiңнiң жасын жұтпаған?..
Өксiгiн баспай түн құсы,
Бұлақтың тiлi шықпаған…
Сен едiң көңiл мұңлысы,
Мен едiм жаныңды ұқпаған…
«Құдайым басқа салдың», – деп
Құлазып, қурай жиналың.
«Ошақта от өшiп қалды», – деп,
өзiңдi өртеп, қиналдың…
Құлазып қалды қу жаның,
Көзiңнiң отын ұрлаттың.
Өзiңдi өзiң уладың,
«Кiнəлiмiн…» – деп тiл қаттың…
Аңырған Айға қол жайдым:
«Айырма, – дедiм, – арманнан.
Жолыңа жаным жалдаймын
Жоғалғанымша жалғаннан».
…Көрместей болып қалдың ба?
Көре алмадым-ау қайтадан.
Ар-ұятыңның алдында
Албырттық басын шайқаған…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу