Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  100


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Алағай да бұлағай

Алағай да бұлағай:
Ықтырмада – қылағай.
Ыңыршағын шығарды
Азынаған бiр-ақ ай.
Азынаған бiр-ақ ай
Ақ боран боп құлады-ай!
Қыр арқасын қатырып,
Қаһарланып ұрады-ай…
Дала…дала дəрменiн
Ұрлап кеттi əлдекiм.
Ұйқтап жатқан таулардың
Шығармайды қар демiн.
Тұншығады ақ əлем,
Кiм бар екен табар ем?
Бiр қажетке жараса,
Сирағымды жағар ем…
Жылу болар жөпшеңдi,
Көбең көңiл дөп сендi.
Алағай да бұлағай,
Көтер ендi өкшеңдi!
Алағайдың өкшесi –
Ахиллестiң өкшесi.
Ей, қылағай көңiлiм,
Көктеменi көксешi.
Алағай да бұлағай:
Алып соқпас бiр-ақ ай.
«Шықпа, жаным, шықпа», – деп,
Шыдас берер қылағай…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу