Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  94


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Ақ көбелек қашпайды, қумаймын да…

Ақ көбелек қашпайды, қумаймын да…
Бүгiнде бөлек үнi сырнайдың да.
Аппақ мамық, мен сенi жырлаймын ба?
Аққу үнiн ақ қыстың тыңдаймын ба?
Несiне қайта-қайта сұрақ қоям,
Ақпанның аязына құлақ қоям…
Ауылды аңсап, iшiмнен жылап қоям,
Ақ жазықта аңырған бiр ақ қоян…
Балдағынан босатып бүркiт кешiн,
«Тəйт!» – деп соны бiреулер үркiтпесiн.
Тыным алып, тыныш бiр жыр күткесiн,
Тымық түнге ұлассын сырғып бесiн.
Жұлдыздарым жымыңдап аспанымда,
Сырғып келiп құлайтын қас қағымда:
Ақ ұлпаға қосып ап шашпадым ба,
Аппақ нұрды төсiме баспадым ба?
Апам ойлап Күнiкей қыз келiнiн,
Ұршық алса, Болатым, үзбе жiбiн!
Сыздағанын басайық бiз белiнiң,
Қуып шығып ызғарын түз желiнiң.
Нұржан жүрген шығар-ау бiр қызбенен,
Ағасы өткен аяңдап iлкi iзбенен
Қыдырысын құпия бiлгiзбеген.
Ақ əлемнен аппақ бiр күлкi iздеген.
Алматыда жоқ қазiр аппақ мамық,
Қара күздiң демi жүр бақты ақтарып.
Алатауға жол түстi соқпақтанып,
Қыс тынықты Алтайға тоқтап қалып…
Екi таудың арасын «арманым» деп,
Екi маусым арасын жалғағым кеп,
Асығып кеп атқанда таңдарым көп,
Ауылды аңсап, iшiмнен жылап қоям,
Ақ жазықта аңырған бiр ақ қоян…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу