Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  85


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Көктөбенiң баурайында көгiлдiр бiр мұң жатыр...

Көктөбенiң баурайында көгiлдiр бiр мұң жатыр,
Көгiлдiр мұң оранып ап, көзiн ашпай кiм жатыр…
Күн мен түннiң, топырақтың қойнында тербелген,
Сенiң қуған бiр арманың Найзақара шыңда тұр.
Көктөбеде көңiл орта, жанарда жас, ой қалың:
Қараорманды қалың жұрттың қалқып алған қаймағын…
Күн мен түннiң, топырақтың қойынына қимайтын
Қайыңды орман сияқты ең-ау, қанат неге жаймадың?…
Көктөбенiң баурайында… Көктөбе емес – Ойтөбе,
Көзден таса күйкi жандар тiрлiк күйiн көйiте ме…
Күн мен түннiң, топырақтың қойнына енгенше,
Əңгiме мен əнiн айтқан əлдекiмдер сөйте ме?…
Көктөбенiң баурайында көгiлдiр бiр мұң жатыр,
Көгiлдiр мұң оранып ап, көзiн ашпай кiм жатыр,
Күн мен түннiң, жел мен судың сарқылмайтын сабыры
Сияқтанып, сартап болған сəнтiм жерiм тың жатыр…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу