Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  112


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Көңiлiм жүйрiк...

Көңiлiм жүйрiк,
Көзiм жүйрiк,
Қолым жүйрiк,
Қашаннан адастырған жолым жүйрiк.
Шашыма шаң жұқтырып шаршатады,
Құтылмасқа құрып ап торын бұйрық.
Маңдайыңа жазғанын көрерсiң де…
Қуанасың, жылайсың, өлесiң де…
«Ажалы жүйрiк болды жарықтықтың», –
Деп алып, сақтамайды-ау ел есiнде.
Жадында ұстайтұғын жақын ғана,
Басқаға беймағлұм атың, бала.
Жазмыштың жазғанынан озамын деп,
өзiңдi-өзiң өлердей тақымдама.
Жүйрiктер жетпей құлар мəресiне,
Тап болып пəни жалған пəлесiне.
Дүние дөңгеленген ақтық демде
Оралар-ау опынтып бəрi есiңе.
Дүние жеткiзбестен жөнеледi,
Қызығына тiрiлер кенеледi.
Жел де жүйрiк, айналған Жер де жүйрiк,
Жығылады десем, кiм сенер едi?…
Жолда келем,
Жолымды оңғара ма?
Қолтығымнан сүйе де, қолда, дала.
өгейсiнбе, көңiлiм, қуанышты
Сан пенденi сандалтқан сорға бола…
Дүние жүйрiк пе екен, жүрдек пе екен,
Қашарын қарсы алдымнан бiлмеп пе екем?…
Қызыл тiл, сен де жүйрiк сияқты ең-ау,
Қай күнi, қай тылсымға күрметтi екем?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу