Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  96


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Ел

Ел,
Сайдан тасқан сұрапыл сел
Сұмдығын бастағанда кел.
Есiмдi ап,
Есалаң қып тастағанда кел.
Ел,
Қырдан ескен қызыл жел
Желiгiмдi тыйғанда кел.
Есiмдi,
Етек-жеңiмдi жиғанда кел.
Əзiрге берекелi бiр iсiм жоқ,
Я болмаса, сал-серi жүрiсiм жоқ.
Бiр əуендi бастап ап, соңын жұтып,
Жүрiп кеттiм: «Қой, түге, құрысын», – деп.
Шамалы отызға кеп тындырғаным,
өзiмнен күн мен айды, жылды ұрладым.
Мең-зең боп жүрем ылғи миым ашып,
Көңiлдiң қуратып ап мың бiр бағын…
Отызым осы ма едi орда бұзар?
Опынтты, ойсыратты жолдағы зар.
Бұрылып, жаным ашып, жақындасам,
Мiскiннiң тықылдаған балдағы ұзар…
Жақсылық та жасамай, жамандық та,
Шүкiршiлiк дейсiң-ау, амандыққа.
Отызға кеп ойланған түрiң осы,
Қош айтысып кеткенмен шамандыққа.
Сенi жұртың ес көрiп, қара түтты,
Жүрегiңнiң жылуын дала күттi.
Орда бұзар жасыңда ойын қуып,
Тастай алмай қойдың ғой балалықты…
Ел,
Қырдан ескен қызыл жел
Желiгiмдi тыйғанда кел,
Етек-жеңiмдi жиғанда кел…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу