Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  100


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Қыс əкелген қарыңмын...

Қыс əкелген қарыңмын,
Қыр мүлгiрдей қалыңмын.
Осы тұрған қалпымда
Жоғың менен барыңмын.
Сенiң көңiл қаймағың
Бұзылмасын ойладым.
Қоймай түрткен қай сорым,
Талмай күткен қай бағым?…
Үмiтiңдi үлпiлдет,
Үздiксiн жұрт «шiркiн» деп.
Көз үйренсiн қарықпай,
Бой үйренсiн бiртiндеп.
Күн артынан күн желер,
Көктемiң де бiр келер.
Қайта оралған қанатты
Ұя салып үлгерер…
Құсың қонар бағыңмын,
Қонбайтындай нағылдым?
Осы тұрған қалпымда
Жоғың менен барыңмын.
Үмiтiңдi үзбегiн,
Күтпе ерте күз демiн.
Жасты көзбен ұзатпа
Тырналардың тiзбегiн.
Əлдененi iздедiм,
Əлегi ортақ бiзге оның.
өмiр сауал қойғанда
«Бақыттылар – бiз», – дегiн…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу