Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  86


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Алматыда таң атты...

Алматыда таң атты,
Шақыратын тауық жоқ.
Шығыс мұрнын қанатты,
Батысқа еш қауiп жоқ.
Батыс қазiр оянбас,
Қолдан келсе, оянбас.
Күн батқанша қалжырар
Наймандағы ноян бас.
Шығыс…батыс…шырқау көк…
Түн асырды мылқау боп.
Таң бозымен қарасам,
Жан-жағымда бiр жау жоқ.
Жау көргенiм түн көзi –
Қорқыныштың мың көзi.
Талықсыма, түменбас,
Таяп қалды сын кезi.
Бозала таң сейiлсiн,
Боздап жүрген пейiлсiң.
Қорқыныштың көзi үлкен,
Тақсыр күнiм, кейiрсiң…
Түнде түсiм оятты…
Жау түсiрдi саяқты.
Жер сiлкiндi сол кезде,
Тас матады аяқты.
Қым-қиғаш түс көресiң,
Қыңыр бағып өлесiң.
Тақсыр күнiм, лəппай,
Қандай кеңес бересiң?
Талықсыма, түменбас,
«Ноқың деме, ноян бас.
Тақсыр Күннiң алдында
Қожыраған қояңды аш…
Алматыда таң атты,
Шақыратын тауық жоқ.
Шығыс мұрнын қанатты,
Батысқа əзiр қауiп жоқ…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу