Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  113


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Алатау, бар ма арманың?

Биылғы түскен қар қалың,
Алатау, бар ма арманың?
Кiршiксiз аппақ – салғаның,
Қылаусыз түбiт – шалғаның.
Алатау, сенде бар ма мұң?
Биылғы түскен қар қалың,
Жайғап боп əбден мал-жанын,
Алтайда – алыс қойнауда
Жетпiске келiп қалғанын
Жетiм шал, мүмкiн, ойлауда…
…өткiзiп болып бiр түндi,
Жетiм шал тағы түртiндi.
Елестеп өтiп еңкiш қарт,
Кiрпiкке тұрды iркiндi.
– Алтайда алай-дүлей ме,
Үрейдi қосар үрейге?
Ит пенен бала қосылып,
Ойнауды бiр сəт тiлей ме?
Бораннан кейiн бел шешiп,
Төбесiн ауыл күрей ме?…
Алтайда, сiрə, ақ боран,
Алатау жаққа соқпаған.
Аяққа iлiп шаңғыны,
Жөнеуге бiр сəт оқталам…
– Биылғы түскен қар қалың,
Алатау, бар ма арманың?
Сыңсып əн салар орманың:
«Арманым – сенiң арманың,
Алтайдан алыс қалғаным…»
Алтайым, сенде бар ма мұң?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу