Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  107


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Сұңқарбұлақ, соқпақты сайымдығым...

Сұңқарбұлақ, соқпақты сайымдығым,
Сайғағыңды санаммен уайымдадым.
Қабақтан қылтыңдаған таяқты жау,
Қанаттым болар сенiң ойыңдағы…
Сұңқарбұлақ, бұлағым бұйығатын,
Уыз ұйқың Ертiске құйылатын.
Сайғағыңның самғауға серiгi жоқ –
Үзiрлi елдiң осыған күйi жақын.
Құлаған жар бетiнiң қайызғағын
Таси-таси, бұлағым, тайыздадың.
Жоқтаушысыз жылдармен жылжи бердiң,
Байып батқан күнменен байыздадың.
Сүмбiле туа суың салқындаған,
Адасқан қаз кеудеңде қаңқылдаған.
Саздауыт шымға бiткен жас қайыңның
Жапырағын желге берер алтындаған
Сұңқарбұлақ, сайғағың сай қуалар,
Жаза алмаса қанатын – қайғы болар.
Құсыңды құдiрет қып ұшыр көкке,
Жүзiнен нұр төгiлiп, Ай қуанар.
Соқпақпен мен жүрейiн сорлы басым,
Несiне қанаттыны қор қыласың…
Сайғақсыз қалған сайдың жетiм көлiн
Жұбатып жүрдек жеткен сел құласын…
Сұңқарбұлақ, бұлағым – бұла күнiм,
Бойын салды аулаққа мына күнiм.
Сай да жоқ, сайғақ та жоқ – саяқ қалың,
Шөре-шөре болған ел лағымын…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу