Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  131


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Қорқам кейде: мен осы көпке барман....

Қорқам кейде: мен осы көпке барман,
Алып жейдi-ау кеудемде кеткен арман…
Өмiрiмнiң өзегiн жалмаған от
Жүрегiмдi жарылған өтке малған.
Iшiмде толған удан iрiдiм бе? –
Түңiлсем де түйiлмен тiрi күнге.
Кеудемдегi көмбемдi алам дейтiн
Айтпай келер ажалым, құры мүлде!
Кейде «тағдыр – осың» деп назаландым,
Пəрменiмен пəк күйде жазаландым.
Кейiн қостым кiнəнi, күнəнi де –
Бiр күн кебiн кигенде тазарармын.
Айлар бойы қарайтын аспандағы Ай,
Бозарғанда боз шағыл қашқан қалай?
Бозiнгенi боздамас боз адырдың
Қарасудың қан жұтқан қасқалдағы-ай…
Көкiрегiмде көл жатыр тыншын алар,
Ту сыртымда жел жатыр тыншын алар,
Тулағанда толқыны тұншықтырып,
Ойдым-ойдым орманым сыңсып алар.
Өзiм салған өмiрiм соқпағын-ай,
тағдырымның тезiне тоқтадым-ай…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу