Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  76


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Киіктер

Киiктер-ай,ежелден дала төсiн мекендеп,
Көкiрегiн күйдiрген көкжиекке жетем деп.
Күйiк иiсi шыққанда көңiрсiген даладан,
Топылдаған тұяқтар – тыншымаған барабан.
Жау жебесi қадалып кете берген таңында,
Қасиет бар киiктiң дiрдектеген қанында.
Жұққан жерге жыпырлап өстi дейдi киiк от,
Көктеменiң жаңбыры сол тұстарға құйып өт!
Қанша ғасыр, қанша жыл қанат мiнiп өткелi,
Көкжиекке киiктер əлi күнге жетпедi.
Жаңа ғана бiр тобы жасыл тауға беттедi.
Жiбек перде көкжиек көз алдымнан кетпедi.
Құйғытты да жоқ болды сағым аққан сияқты,
Иə-иə, сағым-сыр бұл далада жиі ақты.
Ойнақ салып iшiнде алтын киiк бара ма,
Ертегiде дос болған мен сияқты балаға…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу