Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  106


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Қанатымның астында Алтай жатыр...

Қанатымның астында Алтай жатыр,
Қара түнiм, қасымда қалқай да тұр.
Шатынаған аяздан шабыт алып,
Шырқау көкте, жарты Айым, шалқай да тұр…
Құс қанатты көлiгiм, кiдiрмегiн,
Елге жеткiм келедi бүгiн менiң.
Бұлкiлдеген тауларым – бетке алғаным,
Жол түспеген жалқы ауыл – жүгiргенiм.
Құс қанатты көлiгiм, төмендегiн,
Бұлт-бесiкке тым ұзақ бөленбегiн.
«Шырқау көкте – шалқайған Ай қасында
Қалып қойсам қайтем!» – деп елеңдедiм.
Елеңдедiм, елiме жетсем дедiм,
Көк қойнында жұртымдай жоқ сенгенiм.
Адаспаспын, аулыма түсiрiп кет,
Ошағынан көргем жоқ от сөнгенiн…
Кеңiстiкте келемiн кемеменен,
Айрылмайды мына аспан неге менен?
Мəңгiлiкке тоқтаған уақыттың
Уысынан шыға алмай көне берем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу